Абылай хандығы
12.09.2018 921 0.0 0

Абылай хан (Əбілмансұр, Сабалақ) 1711 - 1781 жылдары өмір сүрген. Ол қазақ хандығының бұрынғы шекарасын қалпына келтіріп, елдің саяси - экономикалық дамуына өзгерістер енгізген мемлекеттік қайраткер. Абылай қаракерей Қабанбай, шапырашты Наурызбай, қанжығалы Бөгенбай, тарақты Байғозы, Малайсары, Баян батырлардың күшін біріктіре білді.
1740 жылы тамызда Абылай хан және Орта жүз ханы Әбілмәмбет, тағы да басқа 120 старшынмен Орынборға келіп, Ресей мемлекетіне ант берді. Сонымен қатар, қазақ халқының тұтастығын сақтау мақсатында Цинь империясымен де қарым қатынасты үзбеді. Ол Петербург пен Пекинге елшіліктер аттандырып отырды.
1745 жылғы қонтайшы қазасынан кейін таққа таласушылардың бірі – Əмірсана Абылайды паналап, Орта жүзге қашты. Әмірсананың қазақ жерін паналауын Маньчжур - Цин әулеті шабуыл жасау үшін пайдаланды. 1757 жылы маусымда қытай қолбасшылары Фу Дэ, Чжао Хой бастаған əскер Қазақ шекарасына басып кірді. 1757 - 1760 жылдары Қазақ елінің дербестігін, жерінің бірлігін қамтамасыз ету мақсатында Абылай Пекинде Қытай билігін мойындады. 18 ғасырдың 20 - 30 жылдары жоңғарлар басып алған шекаралық аймақтағы жайылымдар дипломатиялық жолмен қайтарылып алынды. 1760 жылы қытайлар Тарбағатай таулары маңайында көшіп жүрген қазақтарды қудалағанда, оны келіссөздер арқылы шеше білді. Жоңғария жойылғаннан кейін, оның жерін басып алған Маньчжур - Цин билеушілері Абылаймен келісе отырып жаңа шекара белгіледі.
Абылай Орта Азия хандықтарымен байланысын дамытуға көңіл бөлді. 1771 жылы үш жүз өкілдері Абылайды барлық қазақтың билеушісі деп таныды. Оның Жоңғарияға қарсы азаттық күрестегі, халықтың басын біріктірудегі рөлін, Ресей мен Қытайдың қыспағына қарамастан, іс жүзінде елдің дербестігін сақтап қалғандығын мойындады. 1778 жылы 24 мамырда II Екатерина Абылайды тек Орта жүздің ханы етіп бекітті. Абылай хан Ресеймен қарым - қатынаста бейбіт жағдайда болу қажеттігін ескеріп, ресми түрде бодандықты мойындады. Ал іс жүзінде тəуелсіздігін сақтады.
Хан билігіне қойылған шектеулерді Абылай хан мойындамады. Ірі ұлыстарды билеуге өзіне жақын сұлтандарды тағайындады. Билердің қызметіне шек қойды. Өз сарайында топтасқан халық батырларының қолдауына сүйеніп, жоспарларын қиындықсыз іске асырып отырды. Абылай хан қазақтардың Ертіс, Есіл бойы, Көкшетау, Тарбағатай өңіріне егін шаруашылығын дамытуын қолдады. Абылай хан төңірегіне белгілі жыраулар, ақындар топтасты: Үмбетей жырау, Тəтіқара ақын, Бұқар жырау. 1781 жылы Абылай хан дүние салды. 1781 жылы Абылайдың бас мирасқоры Уəли хан болып сайланды. Уәли сұлтанды Ресей мемлекеті Орта жүз ханы ретінде танығанымен, ол мемлекет басқаруға қабілетсіз болды. Қазақ хандығының бірлігін Абылай сияқты қамтамасыз ете алмады.

----------


Комментарии
avatar